Ғылыми жобадан халықаралық олимпиадаға дейін

Күзгі каникул кезінде геометриядан Халықаралық Иран олимпиадасы өткенін білесіздер. Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Бахыт Момунов пен Нұрмұхаммед Зибатқали ғхалықаралық олимпиадада жүлделі ІІІ орыннан көрінген болатын. Оқушылармен сұхбат құрып, олимпиадаға қалай дайындалғанын білген болатынбыз. Сонымен қатар зияткерлер ғылыми жоба дайындау тәжірибесі мен қызығушылықтары жайлы ой бөлісті.

 – Жеңістеріңіз құтты болсын! Олимпиадалық жолға қалай келгендеріңізді айтып берсеңіздер

Нұрмұхаммед: Мен бұл салада тоғызыншы сыныптан бері жүрмін. Желілік кезеңге сол кезде алғаш рет қатысып, олимпиадаға қызықтым, есептерді тұрақты түрде шеше бастадым. Қатысқан олимпиадалар уақыт өте келе көбейе түсті. Оныншы сыныпта Иран олимпиадасында да өз күшімізді сынап көрдік, алайда ол кезде жүлделі орынға ие бола алмадық.  Тәжірибеміз жетіспеген сияқты.

Бахыт: Мен өткен жылы республикалық олимпиаданың желілік кезеңіне қатысып, екінші орын иелендім. Бұдан бөлек жақсы өнер көрсете алмаған бірнеше олимпиадалар болды.

–  Жүлдегер атанғанда не сезіндіңіздер?

Бахыт: Әрине, қуаныш. Дегенмен, бұдан да жақсы өнер көрсетуге болады деген ой болды. Сонымен қатар алда тағы бірнеше маңызды олимпиадалар күтіп тұр, қазір соған дайындалудамыз.

Нұрмұхаммед: Қатты қуанбадым. Өйткені олимпиадаларға қатыса келе қай есепті дұрыс, ал қайсын бұрыс шешкеніңді біліп тұрасың.

– Олимпиадаға қалай дайындалдыңыздар?

Бахыт: Біз мектебіміздің түлегі, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Рахим Баймурзинмен және Қазақстан құрамасының ұлттық жаттықтырушыларымен дайындаламыз.

Нұрмұхаммед: Олар бізге тапсырмаларды жібереді, біз оны шешіп, бірге талдаймыз.

– Олимпиададағы қандай тапсырмалар сіздерге қиын соқты, ал қайсы қызықты болды?

Нұрмұхаммед: Иран олимпиадасы 70-тен астам ел қатысатын халықаралық олимпиада мәртебесіне ие болғандықтан, ондағы есептер де күрделі әрі қызықты болды. Мысалы, турдағы соңғы конструкцияны шешу үшін геометрия бойынша үлкен тәжірибе мен терең білім қажет. Бірақ алғашқы үш конструкцияны дұрыс модельдеу арқылы шешуге болады.

Бахыт: Олимпиадада маған турдың екінші тапсырма ұнады. Бір қарағанда, бей-берекет сызбасы бар өте қиын тапсырма сияқты. Алайда сызбаның мазмұнын қайта қарасақ, бірнеше қарапайым қадамдар арқылы шешу жолын табуға болады.

– Олимпиадаларға дайындалумен қатар, сіздер жобалық жұмыспен айналысасыз. Жақында сіздер ұсынған жоба NIS желілік ғылыми жобалар байқауында жүлделі орынға ие болды. Осы жоба туралы толығырақ айтып берсеңіздер.

Нұрмұхаммед: Бұл жобаның тақырыбы кездейсоқ келді. Бірде біз жаттығу олимпиадасында аса қиын емес тапсырмаға тап болдық. Оны талдау кезінде біз проективті геометрия теоремасын қолдана отырып, балама шешімді зерттедік.

Бахыт: Біздің мақсатымыз проективті түрлендіру теоремасына негізделген анимация әдісін зерттеу және сипаттау болатын, сонымен қатар геометриялық есептерді шешуде осы әдістің қолданылу жолын көрсету еді. Зерттеу мен құжаттама бірнеше аптаға созылды. Қазір біз жобаны жақсартып, конкурстың республикалық кезеңіне дайындық үстіндеміз.

– Тағы немен айналысқанды ұнатасыздар?

Бахыт: Спортпен шұғылданамын. Спорт ойымды басқа жаққа бұрып, күш-жігер жинауға көмектеседі.

Нұрмұхаммед: Менің ойымша, академиялық жетістіктер белсенді өмір салтымен үйлесуі керек. Сондықтан бос уақытымда бокс, футбол, армрестлинг сияқты түрлі спортпен айналысамын.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Нұрмұхаммед: Көптеген олимпиадашы үшін 11-сынып «алтын ғасыр» саналады, сондықтан алдағы олимпиадаларда барынша жақсы өнер көрсетуге тырысамыз.

Бахыт: Иә, қыста маңызды олимпиадалар өтеді. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қазір қарқынды дайындық жүріп жатыр.

– Сәттілік тілейміз!