Қарағандыдағы НЗМ түлегі фин университетінің грантына ие болды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Алишер Азимбаев Финляндиядағы Тампере университетінің толық грантына ие болды. Аталған оқу орнында Алишер «қалалардың тұрақты дамуы» мамандығы бойынша білім алмақ.

– Бұл мамандық қаланы басқару және инфрақұрылымды жақсарту жолдарын зерттейді. Осылайша тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жайлы орта қалыптастыруға көмектеседі, – дейді Алишер. Осы сала бойынша алған білімі мен тәжірибесін ол Қазақстан қалаларын дамытуға жұмсауды мақсат етеді.

Тампере университеті Финляндиядағы үлкен оқу орындарының бірі. Оның негізі 2019 жылы Тампере техникалық университеті мен Тампере университетінің бірігуі нәтижесінде құрылған. Оқу орны орналасқан Тампере қаласы Финляндияның мәдениет, білім мен өнеркәсіп орталығы саналады.

– Финляндияда жаңа мәдениетпен танысып, келешекте пайдаға асатын тәжірибе аламын деп ойлаймын. Өйткені фин елінің заманауи қала құрылысы мен инфрақұрылымы озық үлгілердің бірі деп танылған, – дейді Алишер.