Халықаралық ғылыми жарыста ІІ орын иеленді

«Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша XVІ Халықаралық ғылыми жарысы онлайн режимде өтті. Жарыстың қазылар алқасы 143 қатысушы ұсынған 109 жобаны тыңдап, баға берді.
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің атынан қатысқан 10-сынып оқушысы Мағжан Тегисов аталған жарыста ІІ орын иеленді. «Ғарыштық техника және инфрақұрылым» секциясында Мағжан «Гидроцилиндрлер мен желілік генераторлар негізінде жасалған ғарышкерлерге арналған жаттығу құрылғылары» жобасын ұсынды.
Өз зерттеуінде Мағжан жаттығу құрылғысының бірнеше үлгісін ұсынды. Мысалы, гидроцилиндрдің негізінде жасалған жаттықтыру құрылғысы ғарышкердің бұлшық етіне салмақ салады. Сонымен қатар сұйықтықты қыздыру немесе салқындату арқылы бұлшық етке түсетін салмақты реттеуге мүмкіндік береді.
Ал желілік генератор негізінде жасалған тренажердің артықшылығы – өзін-өзі индукциядау арқылы бұлшықетке салмақ салып, жаттығу нәтижесінде пайда болатын механикалық қозғалысты электрге түрлендіреді. Алынған электр энергиясын ХҒС-да қолдануға, атап айтқанда, жаттығатын ғарышкерлердің бұлшықеттерін электростимуляциялау мақсатында пайдаланылуға болады.