Бағыт-бағдар беру апталығы аясындағы кездесулер

Бағыт-бағдар беру апталығы аясында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне жаңадан келген оқушылар жоғары сыныпта оқитын зияткерлермен, оның ішінде оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының өкілдерімен кездесті. Онлайн-кездесу барысында жетінші сынып оқушылары өзін-өзі басқару ұйымының жұмысымен және мектепте жүзеге асатын «100 кітап», «100 күй», «Туған елге тағзым» сияқты жобалармен танысты.
Жоғары сынып оқушылары жас зияткерлерге оқуға деген ынтаны арттыру жолдарымен, уақытты тиімді пайдалану амалдарымен бөлісіп, түрлі шараларға белсенді араласуға шақырды. Ал «Жоғары сынып оқушысына 100 сұрақ» сессиясында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Бұдан бөлек мектеп психологтарының оқушылар мен ата-аналарға арналған сессиясы өтті. Онда баланың психологиялық саулығын сақтауға бағытталған кеңестер ұсынылды.
Сонымен қатар оқушылар дене шынықтыру мұғалімдерімен кездесіп, мектептегі спорттық секциялар жайлы ақпарат алды.