Волонтерлік – табысқа бастар жол

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Волонтерлік – табысқа бастар жол» тақырыбында TEDx конференция өтті. Онлайн шараға мектептің «Мейірім көпірі» еріктілері және қазақстандық волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары қатысты.

«Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі, «Мейірім көпірі» еріктілер клубының жетекшісі, педагог-ұйымдастырушы-куратор Гүлнара Сеитова мектепте дәстүрлі түрде жүзеге асатын қайырымдылық жобалармен таныстырып, волонтерлік клуб жұмысына шолу жасады.

Айтөре Рымтай – қарағандылық NIS-тің 2018 жылғы түлегі. Бүгінде ол Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан волонтерлер лигасы Медиа бөлімінің жетекшісі, «Nova Qazaq» студенттік еріктілер қозғалысының негізін қалаушы. Зияткерлермен кездесуде ол волонтерлікке қалай келгенін баяндап, оның маңыздылығы жайлы сөз қозғады.

– Волонтерлік мені жақсы жаққа өзгертті деп айта аламын. Өйткені волонтер болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сен тек өзің үшін емес, командаң үшін, сенің көмегіңе мұқтаж адамдар үшін жауапты екеніңді түсінесің, – дейді Айтөре.

Қарағанды облысы ХҚА-ның волонтерлік қозғалыс орталығының жетекшісі Дамир Мендибеков те оқушыларға волонтерлік қызметтің қыр-сыры жайлы әңгімеледі. Сонымен қатар онлайн түрде қандай волонтерлік қызментпен айналысуға болатыны жайлы кеңес берді.

Мектебіміздің белсенді еріктілері де конференцияға қатысып, өз ойларын ортаға салды. Алия Муканова, Диас Нурушев, Ильнара Менисова және Асель Мухтарова оқушыларға пайдалы болатын идеяларын бөлісті.