Волонтер болу – өмір салты

Бүгін Қарағанды қаласындағы Достық үйінде Волонтер жылының ресми ашылуы өтті. Шараға қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» еріктілер клубының жетекшісі мен мүшелері де қатысты. Сондай-ақ аталған шарада Теміртау, Саран, Алматы қалаларының волонтерлері болды.
Шара модераторы әрі Қарағанды облысы ҚХА Волонтерлік қозғалысының жетекшісі Дамир Меңдібеков қатысушыларды өңірдегі Волонтерлік қозғалыстың тұжырымдамасымен таныстырып, оның негізгі бағыттарын атап өтті. Олар: әлеуметтік, білім беру, спорттық және медиация.
Еріктілер мен түрлі сала өкілдерінің баяндамасынан біздің оқушылар Волонтер жылында облыста қандай істер жоспарланғанын білді. Сонымен қатар үзіліс арасында басқа да қатысушылармен танысып, идея алмасты.
Шара соңында ұйымдастырушылар еріктілікті өмір салты санап, қоғамды жақсарту жолында жасап жатқан жұмыстары үшін қатысушыларға алғысын білдірді.