Ақ жол, жас түлек!

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектері үшін соңғы қоңырау сыңғырлады. 2019-2020 оқу жылын аяқтайтын салтанатты жиын биыл онлайн форматта өтті.
Осы оқу жылында Зияткерлік мектептен 77 түлек түлеп ұшты. Олардың ішінде 17 оқушы «Алтын белгіге», ал 18 шәкірт үздік аттестатқа үміткер.
Мектеп директоры Равиль Якупов түлектерге тілек сөзінде бүгінгі күн олардың өміріндегі жаңа белестің бастауы екенін атап өтті.
– Сіздер мектеп қабырғасында оқып жүріп, мол білім қорын жинадыңыздар. Өмірде байлықтан айырылып қалуға, түрлі сәтсіздікке кез болуға болады. Бірақ еш жоғалмайтын бір байлық болса, ол сіздер алған білім. Үлкен жетістіктер тек қажырлы еңбекпен келеді. Сондықтан өздеріңізге, таланаттарыңыз бен қабілеттеріңізге сеніңіздер. Өз ұстанымдарыңыз бен құндылықтарыңызға адал болыңыздар. Отанымызды мақтан етіңіздер, сонда ол да сіздердің жетістіктеріңіздi, озық ойларыңыз бен тың iзденicтерiңiздi мақтан ететін болады. Сапар оң болсын! – деп тілек білдірді мектеп басшысы.
Сонымен қатар түлектер мен ұстаздар қауымын оқу жылының аяқталуымен бірқатар қазақстандық қайраткерлер құттықтады. Олардың арасында танымал әнші Димаш Құдайберген, белгілі спортшылар Серік Сапиев, Дмитрий Карпов, Эльмира Сыздықова және тағы басқалары бар.
Мектеп бітіруші зияткерлер өз кезегінде ерекше салтанатты жиын ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.
– Өткенге көз жүгіртер болсақ, мектебіміз біздің өсіп-өркендеуімізге, бұрынғыдан жақсырақ, мықтырақ болуға қалай ықпал еткенін байқауға болады. Біздің алдымыздан көп есік ашып, үлкен мүмкіндіктер сыйлаған, бір отбасыдай біріктірген мектепке алғысымыз шексіз!, – дейді жас түлек Офелия Талимонюк.