Талдықорғандағы NIS түлегі Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты⠀

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Даниил Филимонов робототехника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты. Курсқа робототехника бойынша үздік қазақстандық тренерлер мен америкалық университеттер профессорларының вебинарлары мен онлайн сабақтары енді.⠀

Онлайн курс «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының онлайн-мектебі базасында өтуде.⠀

– Мені кішкентай кезімнен робот құрастыру идеясы қызықтырды, сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында робототехника үйірмесіне қатыстым. Біздің жобаларымыз халықаралық аренада –Дүниежүзілік WRO роботтар олимпиадасында ұсынылады деп еш ойламаған едім. Жеңістер аз болған жоқ, ендігі кезекте мен робототехникаға қызыққандарға көмектесу үшін жаңа мақсат қойып отырмын, – дейді Даниил.⠀

World Robot Olympiad 2019 халықаралық кезеңінде Даниил Филимонов «Open Senior» санатында үшінші орын иеленді. Сонымен қатар робототехника бойынша республикалық олимпиаданың алтын медалін (2018, 2019), ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық конкурстың бірінші дәрежелі дипломы (2019) мен «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Наурыз кездесулерінің екінші дәрежелі дипломын (2019) жеңіп алған болатын. ⠀

Даниил өз тобымен бірге робототехника бойынша 10-нан астам тегін онлайн курс, 25 сағаттық сабақ пен 6 вебинар әзірледі. Бұдан бөлек Корнелл және Мичиган университеттерінің жүздеген қосымша материалын дайындады.⠀

Онлайн курс кез келген дайындық деңгейіндегі қатысушыларға арналған. Онда робототехника негіздерінен бастап нейрондық желілерге дейінгі түрлі теориялық және практикалық материалдар ұсынылған. Курс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.⠀

 «Beyond Robotics» курсы бойынша оқуды бастау үшін онлайн-мектепке тіркеліп (https://school.bc-pf.org/), каталогтағы робототехника (https://robotics.bc-pf.org/) курсын қосу қажет.⠀⠀

Beyond Curriculum – математика, физика, химия, биология, география пәндерінен тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру платформасы.⠀