Тағылымды кездесулер

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Шаңырақ оқушылар қауымдастығы «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында «Қарттарын қадірлеген ел – ардақты» тақырыбында ата-әжелермен кездесу кештерін өткізді. Өмір жолы үлгі болар дана қарттарымызды құттықтау мақсатында әр шаңырақ қауымдастығы мерекелік кеш ұйымдастырды.

Кездесу барысында ақыл-парасаты жарасқан қарттарымыз өнегеге толы әңгімелерімен бөлісе отырып, оқушылардың салт-дәстүр, отбасылық құндылықтар жайлы сұрақтарына жауап берді.

«Ата-әжелермен кездесу арқылы жас буын үлкен тәлім-тәрбие алары хақ. Қазыналы қарттарымыздың ортамызда жүріп, төрімізде отыруының өзі бір бақыт. Сондықтан балаларға жастайынан үлкендердің қадірін біліп, оларға сый-құрмет көрсетуден аянбауды үйрету маңызды», – дейді педагог-ұйымдастырушы-куратор Назерке Қалиева.

Кеш соңында ата-әжелер өздерінің кездесуден алған әсерімен бөлісіп, қашықтан оқу кезінде де ұмытпай, мерекелік көңіл-күй сыйлаған оқушылар мен ұйымдастырушы кураторларға ришалық білдірді.