Сарқылмас даналық

Бүгін Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұрпақтар сабақтастығы» клубында қарттармен кезекті кездесу өтті. Құрметті қонақтар мектеп кітапханасында оқушылармен кездесіп, өмір жолын баяндап, мамандық таңдаудағы және қызмет барысындағы қызықтармен бөлісті.

Оқушылардың сұрақтарына жауап берген соң, ұйымдастырушылар үлкендерге караокеде ән айтуды ұсынды. Абайдың мерейтойына орай қарттар оқушылармен бірігіп, «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың әндерін айтып, сергіп қалды.

Мектептің би залында ата-әжелер мен оқушылар қосымша білім беру мұғалімдерімен бірге жаттығу жасап, флешмоб билеп, дене шынықтырды.

Жарқын кездесу мектеп асханасында жалғасты. Дастархан басына жиналғандар қызық әңгіменің куәсі болды. Көптен кездеспеген достар «Ұрпақтар сабақтастығы» клубында кездесіп, көз қуаныш болған екен.

Шара соңында клуб мүшелері ұйымдастырушыларға мейірім мен сыйластыққа толы кездесу үшін алғыс білдіріп, оның маңызын атап өтті. Жастар үлкен буыннан еңбекқорлықты, қиындыққа мойымауды, достық пен қарым-қатынастағы құндылықтарды үйренсе, қарттар оқушылармен, бір-бірімен, ұстаздармен емен-жарқын әңгімелесіп, қуанышқа бөленді.