Сәтті сабақтар панорамасы

Қаңтар-ақпан аралығында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Сәтті сабақтар панорамасы» ашық сабақтар циклі өтті. Жалпы білім беретін сабақтардың барлығын қамтыған ашық сабақтарды тәжірибелі ұстаздар өткізді.

Солардың бірқатарына тоқталып өтсек.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытжан Исина 9-сынып оқушыларына Ілияс Есенберлиннің «Тұлпар» романы бойынша ашық сабақ өткізді. Сабақ проблемалық кейс арқылы стилі мен жанры әртүрлі мәтіндердің моделін құрастыру дағдысын дамыту мақсатында өтті.

– Осындай понарамалық сабақтар жас мамандардың тәжірибесін шыңдау үшін ғана емес, тәжірибелі мамандардың кәсіби даму мақсаты бойынша үздік сабақ жоспарларын құрастыруға бағытталған, – дейді Бақытжан Исина.

География пәні мұғалімі Жанар Байметова өткізген «Антропогендік ландшафттарды жақсарту жолдары» сабағында 9-сынып оқушыларының зерттеу дағдылары мен географиялық модельдерді құру дағдыларын дамытуға бағытталған жүйелік-белсенділік әдісі мен Case-study әдісінің комбинациясы қолданылды. Сабақтың мақсатын жүзеге асыру үшін жағдаяттық тапсырмалар әзірленді.

Ал физика мұғалімі Майя Бейсенбекова «Электр кедергісі. Меншікті кедергі. Резистор. Реостат» тақырыбы бойынша 8-сынып оқушыларына сабақ өткізді. Бұл сабақта оқушылардың деректерді талдап, интерпретациялау дағдыларын дамытуға бағытталған тиімді оқыту әдістері көрсетілді.

– Оқытудағы мұндай тәсіл әр оқушының дамуына, жеке қабілеттерін қалыптастыруға, әмбебап оқу дағдыларын дамытып, әр түрлі деңгейде дайындалуына мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталған, – деп бөлісті физика мұғалімі.