Ашық есік күні өтті

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Ашық есік күні өтті. Шараға облыстық және қалалық мектептерде білім алатын 600-ден аса оқушы қатысты.

Таңғы 10:00-ден 13:00-ге дейін өнерлі оқушыларымыз қонақтарға күй тартып, әннен шашу шашты. Еріктілер болса, келушілерді қарсы алып, мектепті аралатты.

Келушілер назарына «Туған елге тағзым», «100 кітап», «Екі апта ауылда» сияқты мектеп жобалары мен әлеуметтік тәжірибелер ұсынылып, үйірме жұмыстары көрсетіледі. Сондай-ақ қонақтар мектеп оқушылары мен ұстаздарының  ғылыми жұмыстарын тамашалап, биотехнология, химия, физика бойынша эксперимент жасап көрді. Бұдан бөлек қонақтар мерекелік флешмобқа қатысты.

«Бүгін біз түрлі ойындар ойнап, уақытты қызық өткіздік. Маған әсіресе физика кабинеті қатты ұнады. Онда біз түрлі эксперименттер жасадық. Келесі жылы осы мектепке түскім келеді», – дейді алтыншы сынып оқушысы Адина Бауыржан.

Сонымен қатар қонақтар Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсу бойынша мамандармен кеңесіп, өздерін қызықтырған сұраққа жауап алды.