Республикалық Birgemiz фронт-кеңсесінің ашылуы

Бүгін Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» волонтер клубы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық Birgemiz фронт-кеңсесінің тікелей эфирдегі ашылуына қатысты. Қарағандылық еріктілер Алматы, Қызылорда, Көкшетау, Ақтау, Ақтөбе, Талдықорған, Атырау, Өскемен, Тараз, Орал, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Шымкент жастарымен бірге Мемлекет басшысының үндеуіне құлақ түрді. Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында тұрған мақсаттарды атап, Қазақстандағы волонтерлер қозғалысының құрметті елшісі болуға шешім қабылдағанын жеткізді: «Волонтерлік – жан күйі. Мен бүгін Қазақстандағы еріктілер қозғалысының құрметті елшісі болуға келісім бердім».
Республикалық фронт-кеңсе мен EХРО аумағында жұмыс жасайтын кеңес орталығы елдің әр өңіріндегі волонтерлер жұмысын үйлестіретін болады.
Сондай-ақ мектептің еріктілер клубының жұмысына белсенді араласқан түлектердің волонтерлік қызметті жалғастырып жүргені қуантады. Олардың бірі Айтөре Рымтай. Медициналық университетте білім алумен қатар, ол қазір «Қазақстан волонтерлер лигасы» ҚФ филиалының медиа бөліміне жетекшілік етіп жүр. Сонымен қатар «Nova Qazaq» студенттердің волонтерлік қозғалысының негізін қалаушы. Бұл біздің оқушылар үшін еріктілік тек уақытша дүние емес, өмір салтына айналғанын аңғартады.
Бұдан бөлек бүгінгі шара барысында мектеп еріктілері қоғамға пайдалы болғысы келетін жандарға мол мүмкіндік беретін «Жаңа бастама» жобасының басталатынын біліп, біраз ақпаратқа қанықты.