Оқушылар «Ғылым әлемін ашамыз» халықаралық ғылыми жарысында жүлдегер атанды

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі оқушысы ғарыштық зерттеулер бойынша «Ғылым әлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жарыстың жүлдегері атанды. Жарыстың қорытындысы бойынша 11-сынып оқушысы Георгий Шатовтың «Жер орбитасынан ұсақ ғарыш қоқыстарын жоюдың жаңа әдісі» жобасы 1-орынға , ал 10-сынып оқушысы Аружин Хайраттың «Жасанды гравитация жасау жолдары және оның қолданылуы» ғылыми жұмысы 3-орынға ие болды.

– Біздің ғылыми жұмыс  ұсақ ғарыш қоқыстары мәселесіне және жер маңындағы кеңістікті ұсақ ғарыш қоқыстары бөлшектерінен тазарту тәсілдеріне арналған. Орбитаны ұсақ ғарыш қоқыстарынан тазарту оның ғарыш аппараттарымен соқтығысу мүмкіндігін азайтады, ал бұл өз кезегінде көп қаражатты үнемдеуге, сонымен қатар ұзақ мерзімді перспективада Кесслер синдромы мәселесін шешуге көмектеседі, – деп бөлісті Георгий.

Ғылыми жарыстардың мақсаты – ғарыштық және ақпараттық технологиялар саласындағы оқушылардың зияткерлік әлеуетін анықтау және дамыту, отандық және әлемдік ғарышкерліктің жетістіктерін насихаттау, ғарыштық және ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру.

Халықаралық жарыстың қорытынды кезеңіне 116 ғылыми жоба, оның ішінде 47 командалық және 69 жеке жұмыс ұсынылды.

Оқушыларды жеңісімен құттықтаймыз!