Оқушылар қарттарды құттықтады

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері Шахан кентіндегі қарттар үйіне барып, қарияларға мерекелік концерт ұйымдастырды.

“Мейірім сәулесі” атты концертте мектеп тәлімгерлері күй шертіп, түрлі әндер орындады. Сондай-ақ мың бұралған бишілер де өнерлерін ортаға салып, қарттардың қошеметіне бөленді.

Концерттен кейін оқушылар зейнеткерлерге сый-құрмет көрсетіп, әртүрлі техникада жасалған картиналарды тарту етті. Ата-аналар комитеті де мерекеге орай қарттарға тәтті-дәмділер ұсынды.

Қарттар қауымы болса, оқушыларға, олардың ата-аналары мен ұстазардарына алғыс білдірді. “Мерекелік көңіл-күй сыйлаған оқушыларға рахмет. Сендерге жақсы тәрбие мен білім берген ата-аналарыңа, мұғалімдерге алғысымыз шексіз. Мейірімді болыңдар! Көп кітап оқып, өмірді әдемі сүріңдер”, – деп тілек айтты Шахан кентінің ардагерлер кеңесі төрайымы Нұржиған Қайырбекова.