Менің елім – татулық пен келісім елі

Рухани келісім күніне орай Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Менің елім – татулық пен келісім елі» эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. 9-12 сынып оқушылары арасында өткен конкурс Қарағанды облысы Дін істері басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Байқау оқушылардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, ұлтаралық, дінаралық достық пен келісімді нығайтуды, сонымен қатар жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруды мақсат етеді. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған эсселер қабылданды.

Салтанатты шараға Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және «Қазақстандық татар, башқұрт конгресі» республикалық ұйымы мен «Вайнах» облыстық шешен-ингуш этномәдени орталығының өкілдері қатысты.

Нұрлан Бикенов өз сөзінде бастаманы қолдап, байқауды ұйымдастырған мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға алғысын білдірді. «Бүгін рухани келісім тақырыбына ой толғап жатқан оқушылар ертең ел мақтан тұтар азамат болады деп сенемін», – деді ол.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары арнайы дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. 10 «А» сынып оқушысы Бөлеген Назым (қазақ тілінде), 11 «С» сынып оқушысы Зарқанқызы Гүлзар (ағылшын тілінде) және 10 «F» сыныбында оқитын Баешева Ақлима (орыс тілінде) бірінші орынға ие болып, үздік эссе авторлары атанды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша байқау жеңімпаздары дайындаған бейнероликтер көрерменнің назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Вайнах» би ансамблі мен «Зайтуна» ансамблінің өнері жиналған қауымның ерекше ықыласына бөленді.

Шара соңында қонақтарға, байқау жеңімпаздарына жетекшілік еткен ұстаздар мен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табысталды.