Мереке құтты болсын, ардақты ұстаздар!

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мұғалімдерге арнап мерекелік онлайн-концерт өткізді. Кәсіби мереке қарсаңында зияткерлер ардақты ұстаздарына ән мен биден шашу шашып, ақжарма тілектерін білдірді.

Онлайн шара аясында мектеп директоры Равиль Якупов жұмыста жоғары нәтиже көрсеткен мұғалімдерді грамотамен марапаттап, шығармашылық жетістіктер тіледі.

Ата-аналар қауымы да ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

– Балаларымыздың жетістіктері – сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Біз оны мақтан етеміз әрі сүйсінеміз! Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен шыдамдылықтарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті ата-аналар комитетінің төрайымы Айгүл Оразбаева.