«Менің елім — татулық пен келісім елі» дәстүрлі эссе байқауы

Рухани келісім күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Қарағанды облысы дін істері басқармасының бірлескен дәстүрлі жобасы — «Менің елім — татулық пен келісім елі» атты 9-10 сынып оқушылары арасындағы эссе байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Байқау оқушыларды патриотизмге тәрбиелеуге, жас ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, мәдени әралуандылық пен мәдениетаралық диалогты дамытуға, Қазақстан Республикасында өмір сүретін түрлі ұлттар арасындағы достық және толерантты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Конкурсқа қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған эсселер қабылданды.

Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының дін істері басқармасы басшысы Халел Дулат Қанышұлы мен Қарағанды қалалық мәслихаты депутаты Бекбатыров Назарбек Жокенұлы қатысты.

Дулат Қанышұлы өз сөзінде бастаманы қолдап, байқауды ұйымдастырған мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға алғысын білдірді. «Бейбітшілік, келісім, бірлік пен болашаққа ұмтылыс — біздің басты құндылықтарымыз», — деді ол.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары арнайы дипломдармен, сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Үздік эссе авторы атанып, І орынға ие болған зияткерлер: 10-С сынып оқушысы Айгерім Жаркешова (қазақ тілінде), 10-D сынып оқушысы Даяна Аипова (орыс тілінде), 9-B сынып оқушысы Нұралима Бикина (ағылшын тілінде).

Қалыптасқан дәстүр бойынша байқау жеңімпаздары дайындаған бейнероликтер көрерменнің назарына ұсынылды.

Шара соңында байқау жеңімпаздарына жетекшілік еткен ұстаздар мен ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табысталды.