Мектепке жол – шекарасыз жақсылық

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары, оқушылары мен ата-аналары «Мейірім көпірі» клубының еріктілері ұйымдастырған жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясына қатысты. Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр.

Акция аясында жиналған сыйлықтарды – кеңсе тауарларын, шығармашылық және қолөнерге қажетті заттарды мектеп еріктілері Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған балалар үйіне тапсырды. Сонымен қатар мектеп атынан балалар үйінің әкімшілігін, педагогикалық ұжымы мен тәрбиеленушілерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, зор денсаулық, қызықты жаңалықтар мен телегей табыс тіледі.

Акцияға ат салысып, қолдау көрсеткен, жақсы іске жанашыр болған барлық қатысушыға алғыс білдіреміз! Барлық бала аман болып, бақыт пен мейірімге, қамқорлыққа бөленсін!