Мейірім мен сыйластық күні

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Мейірім мен сыйластық күні” акциясы бастау алды. Шара аясында әр Шаңырақта қарттармен кездесулер ұйымдастырылуда. Бүгін “Алаш” және “Түркістан” шаңырақтарының тәлімгерлері көпті көрген ата-әжелермен кездесу өткізіп, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Шара барысында оқушылар өнерлерін ортаға салып, үлкендерге жылы тілектерін жолдады. Қарттар қауымы болса, өмірде көрген қызықтарымен, өздері оқушы болған кездегі естеліктерімен бөлісті.

“Бізді елеп, құрметтеп, осы шараға шақырған мектеп ұжымына ризамыз. Жұмыстарына табыс тілеймін. Ал оқушыларға айтарым – мектептің, елдің абыройын асқақтатар азамат болыңыздар”, – дейді жетінші сынып оқушысы Русланның атасы Орал Нуркетаев.

Кездесу соңында оқушылар қарттарға кішігірім сыйлықтар тарту етті.