Мейірім мен құрмет күні

Бүгін Халықаралық қарттар күнінде Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары мен ұстаздары Шахтинск қаласындағы облыстық қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесіне барып қайтты. Ата-аналар комитетінің өкілдері ұстаздар, оқушылар және ата-аналар қауымы атынан қарттарды құттықтап, ерен еңбегі, мол тәжірибесі, мейірімділігі мен даналығы үшін шын жүректен алғыс білдірді. Сонымен қатар күн сайын қарияларға көңіл бөліп, қамқорлық жасайтын Қарттар үйінің басшылығы мен барлық қызметкерлеріне жоғары кәсібилігі үшін рақмет айтып, ата-әжелерге арналған тәтті-дәмділерді тарту етті.


– Барлық қарияға деген құрметтің символына айналған мереке күні аяулы қарттарымызға назарымызды бөліп, оларды қуантқымыз келді. 7 жыл ішінде «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясында көбімен жылы қарым-қатынас орнатып, бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз рас, – деп бөлісті «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі Гүлнара Сеитова.

Кездесу соңында мекеме директоры Ерлан Жаукумов пен Шахтинск қаласындағы облыстық қарттар мен мүгедектердің медициналық-әлеуметтік мекемесі әкімшілігі мектептің педагогикалық ұжымын келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, алғыс хаттар табыс етті.

«Мейірім көпірі» мектеп клубының волонтерлері де видео-құттықтау жолдап, қарттарға зор денсаулық, ұзақ өмір мен жақсы көңіл-күй тіледі: https://www.youtube.com/watch?v=GECZtlTnva8&feature=youtu.be