Ұлағатты ұстаздарды құттықтады

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен» әлеуметтік акциясы жалғасуда. Мектептің химия, физика, информатика, қоғамдық пәндер, математика және қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестіктері бірнеше ұрпақ тәрбиелеген білім саласының майталмандары – зейнеткер ұстаздарға «Білімді ел – Образованная страна» республикалық газетiне біржылдық жазылым сертификатын сыйға тартты.

Мектеп мұғалімдері физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Лидия Ильинаны, қырық жыл Ғабиден Мұстафин атындағы №83 мектепте еңбек етіп, жазушының музейін ашқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Сағынтай Көкееваны, математика мұғалімі білім беру ісінің үздігі Күләш Жүнісованы, география пәні мұғалімі, зейнеткер ұстаз Гүлжан Айтжанованы, білім беру ісінің үздігі Еркін Қосшығұловты және Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, зейнеткер ұстаз Райка Секербекованы кәсіби мерекемен құттықтап, оларға бiлiм мен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін алғыс білдірді. Алдағы бір жыл бойы ардақты ұстаздар бiлiм саласындағы барлық жаңалықтардан алғашқылардың бірі болып хабардар болмақ.