Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен

«Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен» әлеуметтік жобасына «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымынан бірінші болып алматылық NIS директорлары қосылды: химия-биология бағытындағы мектептен – Гүлмира Бақытбекқызы Мүнкеева және физика-математика бағытындағы мектептен – Ермек Серікұлы Пайзов.

Олар мұғалімдер күні қарсаңында өз әріптестеріне республикалық «БІЛІМДІ ЕЛ» газетінің жылдық жазылымын сыйға тартуды ұйғарды. Гүлмира Бақытбекқызы еліміздің білім беру саласындағы басты басылымды химия-биология бағытындағы NIS-пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған серіктес мектептің педагогикалық ұжымына жолдады. Бұл Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы Валентина Терешкова атындағы орта мектеп. Ермек Серікұлы «БІЛІМДІ ЕЛ» газеті арқылы өзінің сүйікті ұстазы – Байқоңыр қаласындағы №275 мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Нұрайша Досымханқызы Карамұрзаеваны құттықтады.

«Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен» әлеуметтік жобасы аясында әр оқырманның өз мұғаліміне, әріптестері мен сүйікті мектебіне ерекше сыйлық жасайтын мүмкіндігі бар. Бұл – республикалық «БІЛІМДІ ЕЛ – ОБРАЗОВАННАЯ СТРАНА» газетіне жылдық жазылым.

«Ұлағатты ұстазға, ыстық ықыласпен» әлеуметтік жобасының негізін Назарбаев Зияткерлік мектептері қалады. Жоба идеясы алғаш рет екі жыл бұрын елордада өткен NIS-тің тамыз конференциясында айтылды. Ұстаздар мен ардагер-әріптестер үшін бірінші жазылымды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма Төрайымы Күләш Шәмшидинова рәсімдеді. Күләш Ноғатайқызының бастамасы Зияткерлік мектептерде ғана емес, бүкіл республика көлемінде қолдау тапты.

Бүгінде ұстаздар күніне орай еліміздің басты білімділік газетіне жылдық жазылымды сыйға тарту жақсы дәстүрге айналды, бұл мұғалімдерді жыл бойы қуантатын ерекше сыйлық.

Барлық Назарбаев Зияткерлік мектептері «БІЛІМДІ ЕЛ»-мен бірге республика мұғалімдерін кәсіби мерекемен құттықтауды жалғастыруда.