«Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ оқу мен тәрбиенің біртұтастығы негізінде оқушыларды рухани тәрбие мен шығармашылыққа бейімдейтін «Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға оқуға ұсынылатын 100 кітап» атты жобаны жүзеге асырады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам баласының бүкіл ғұмырындағы ең сенімді және ең сабырлы серігі – кітап»,- деп атап өткен болатын. Жобаның мақсаты – оқушыларға қазақ әдебиетінің, әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқыту, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу. Бүгінгі таңда Білім беру бағдарламалары орталығы 100 кітап тізімін әзірледі. Аталған тізімде 60 қазақ әдебиетінің, 40 әлем әдебиетінің классикасы, оның ішінде 20 – ағылшын, 20 – орыс әдебиеті қамтылған. Алдағы уақытта осы тізім мектептерге жіберілетін болады. Жалпы, әр туынды өзінің түпнұсқа тілінде оқытылады.
2013 жылдың қыркүйек айынан бастап жоба аясында кітаптарды оқыту арқылы Зияткерлік мектеп оқушысының бойында бірнеше дағдыларды дамытуды көздейтін әлеуметтік тәжірибелер ұйымдастырылады. Атап айтқанда, таңдалған шығармалар желісімен оқушылар оқып шыққан кітабы бойынша өздері салған суреттерден электронды кітапқа иллюстрация жасайды, шығармалардың аудио нұсқаларын дайындайды. Оқушылар кітап оқу барысында «Көркем әдебиетті оқу» күнделігін жүргізеді. Кейбір шағын шығармаларды оқушылардың өз дауысымен жазып, электронды және аудио кітаптарды www.iKitap.kz арқылы тегін тарату ұсынылады. Жоба аясында оқушылар «iBooks Author» бағдарламасын игеріп, өзі электронды кітап жасап үйренеді. Аталған жоба аясында Зияткерлік мектептерде «Кітап кейіпкерінің күні» өткізіледі. Бұл шараны 2013 жылдың 23 сәуірінде Халықаралық кітап және авторлар күніне орайластырып, ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жалпы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен елімізде бой көтерген Зияткерлік мектептерде оқушылардың жан-жақты дамуы үшін толық жағдай жасалуда. Зияткер тұлғаны тәрбиелеп, баланың бойында рухани, патриоттық, жалпыадамзаттық және этномәдени құндылықтарды сіңіру – мектептің басты қағидаларының бірі.