“Икэбане” бойынша шеберлік сыныбы өтті

Бүгін Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қазақстандағы Жапония елшілігінің өкілдері мен Икэнобо институтының «Со-Татоку» деңгейлі профессоры, шай рәсімі мен «суми-э» көркем сурет өнерінің шебері Ямада Мидори қонақ болды. Олар мектепті аралап, оқу барысымен танысты.
Сондай-ақ Ямада Мидори жапонның гүлдер жинағын жасау мәдениеті – «икэбане» құрастыру бойынша шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сыныбына қатысқан оқушылар жапон мәдениетімен танысып, Ямада ханымның көмегімен өз композицияларын дайындады.
– Шеберлік сыныбы өте қызықты өтті. «Икэбанені» қалай жасайтынын ғана емес, оның философиялық мәнін білдік. Алдағы уақытта «икэбаненің» басқа да түрлерін жасап көргім келеді, – дейді 7 «В» сыныбының оқушысы Аяулым Сапарова.
Ямада Мидори де бүгінгі кездесуден ерекше әсер алғанын айтады.
– Оқушыларыңыз өте зерек екен. Оларға алғаш рет «икэбане» жасау қиын болар деп ойлаған едім. Бірақ оқушылар бәрін тез игеріп алды, – дейді ол.