Халықаралық компьютерлік жобалар байқауының күміс жүлдегері

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Камила Оразбек «INFOMATRIX-ASIA 2021» Халықаралық компьютерлік жобалар байқауының күміс медалін жеңіп алды.

Онлайн форматта Сүлейман Демирель университеті (SDU) мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған «INFOMATRIX-ASIA 2021» VIII Халықаралық компьютерлік жобалар байқауы өтті.

Камила Оразбек байкауда білім беру процесінде толықтырылған шынайылық әдісін қолдану бойынша жоба жұмысын ұсынып, «Компьютерлік бағдарламалау» номинациясында екінші орынға ие болды.

– Жоба жетекшісімен осы халықаралық байқауға өткен жылы қатысуды жоспарлап едік. Алайда пандемияға байланысты бұл жоспарды кейінге шегеруге тура келді. Осы жылы бағымды сынап, керемет әсер алдым. Жобаны қорғау кезінде әртүрлі мектептер мен елдердің оқушылары ұсынған жобалармен, идеялармен таныстым. Олардың жұмысы маған өте ұнады. Осындай ауқымды конкурсқа қатысуға мүмкіндік берген жетекшім Кирилл Вячеславовичке алғысымды білдіремін, – деп бөлісті Камила.

Ақпараттық технологиялар саласындағы үздік оқушыларды біріктіріп, кәсіби шеберліктерін арттыруға бағытталған байқау 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл байқауға 28-ден астам елден 400-ге жуық оқушы қатысты.

Камила мен жоба жетекшісін құттықтап, сәттілік тілейміз!