«Елбасы медалі» бағдарламасы қатысушыларымен кездесу

 Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Елбасы медалі» бағдарламасының ұйымдастырушылары және қатысушыларымен кездесті. Кездесуге Қарағанды облысы бойынша жоба үйлестірушісі Нұрлан Ашикбаев, тәлімгерлер Асель Копина мен Әлия Мұратбекова қатысып, зияткерлерге жобаның мақсаты мен міндеттерін түсіндірді.

Ал жобаның қола медаль иегері атанған мектеп оқушылары Еммануил Грибов мен Айгерім Искакова, тәжірибесін бөлісіп, жобаны қалай сәтті аяқтауға болатыны жайлы кеңес берді.

– Бұл жоба маған қатты көмектесті. Тапсырмаларды уақытылы орындау арқылы тәртіпке үйренесің, өзіңді жан-жақты дамытуға мүмкіндік аласың, – дейді Еммануил Грибов.

Ал Әйгерім Искакова бағдарламаның күміс деңгейін жалғастыруға ниетті.

Кездесу аясында оқушылар бағдарламаға қатысуға өтінім беру, жеке жоспарды дайындау, тәлімгермен жұмыс істеу бойынша өзін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.  Сондай-ақ, бағдарламаның әр бағытын іске асыруға көмектесетін, уақытты басқаруды, мақсаттар қойып, оларға жүйелі түрде жетуге үйрететін ақпараттарға сілтеме берілді.

Шара соңында ұйымдастырушылар «Елбасы медалі» бағдарламасы оқушыларға үнемі өзін дамытуға, тәуелсіз тұлға және көшбасшы болуға үйренуге, қоғамға пайда әкелуге, ақылды, мықты және талантты болуға мүмкіндік беретінін атап өтті.