Білім күні

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау сыңғырлады.

Директор Равиль Якупов мектеп қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі:

– Алдымыздағы жыл бәріміз үшін ерекше. Биылғы оқу жылында мектебіміздің ашылғанына он жыл толмақ. Сіздерге мектебіміздің онжылдық мерейтойын телегей жеңістермен қарсы алуды тілеймін! Бүгінгі күн қуанышты, қызықты, табысты сәттерге толы жылдың бастамасы болсын!

Салтанатты жиында жаз айларында халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болған оқушылар мен өткен оқу жылын үздік аяқтаған зияткерлер аталып өтті.

Алғашқы қоңырауды соғу құрметі «Алтын белгіге» үміткер 12-сынып оқушылары Әділ Шаяхметов пен Алима Махашбайға және конкурстық іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен 7-сынып оқушылары Сағит Сайжанов пен Евгения Меженинаға берілді.

– 12-сынып оқушысы ретінде жаңа оқу жылының басталуын өзгеше сезінеді екенсің. Бүгін көптен көріспеген сыныптастар, достар және мұғалімдер мектепке жиналды. Әркімнің оқу жылына жоспары әртүрлі болса да, бір-біріне тек сәттілік тілейтініне сенімдімін. Өзімізден де тек қажырлы еңбек күтеміз, – дейді Әділ Шаяхметов.

Жиыннан кейін 7-12 сынып оқушыларына арналған Шаңырақ сағаттары өтті.