Бес оқушы Назарбаев университетінің грантына ие болды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бес оқушысы Қазақстанның үздік жоғары оқу орнына шақырту алды. Мектептің 12-сынып оқушылары Ерасыл Тұраров, Алибек Абеуов, Айтолқын Альжанова, Ерасыл Кадиржанов пен Анара Сембекова Назарбаев Университетінің білім грантына ие болды.

Ерасыл Тұраров мектепте білім алып жүрген кезде түрлі республикалық және халықаралық робототехника конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иеленген болатын.

– Менің қашанда математикаға, робототехникаға, физика мен информатикаға қызығушылығым зор болды. Сондықтан болашақта өзімді осы салалармен байланыстырамын. Менің қабілетімді байқап, оны дамытуға үлес қосқан мектебіме, ұстаздарым мен робототехника клубының жетекшілеріне алғысымды білдіремін, – дейді ол. Университетте Ерасыл механикалық және аэроғарыштық инженерия мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

Басқа түлектер тау-кен ісі (Алибек Абеуов), халықаралық қатынастар (Айтолқын Альжанова), компьютер ғылымдары (Ерасыл Кадиржанов) мен медицина ғылымдары (Анара Сембекова)  мамандықтарын таңдаған.

– АҚШ-та FLEX бағдарламасы бойынша бір жыл оқып келген соң, студенттік шақты жақын адамдардың қасында – Қазақстанда өткізгім келді. НЗМ-нің кез келген оқушысы сияқты мен де бірнеше оқу орнымен қатар Назарбаев Университетіне құжат тапсырған едім. Оқу орны жайлы біраз ақпаратқа қаныққан соң, төрт жылымды осы университетте өткіземін деп шештім. Назарбаев университеті маған білімді, жарқын жандар жиналған үлкен отбасы сияқты көрінеді. Сондықтан бейімделу процесі тез әрі оңай өтеді деп ойлаймын. Университет алдымнан көптеген есік ашып, өзімді дамытуға көмектесетініне сенемін, – дейді Айтолқын Альжанова.

Бес оқушы да оқуға ерте қабылданған абитуренттер қатарында екенін атап өткен жөн. Университет әлі де стандартты қабылдауға өтінімдер қарастыруда.