Ашық ой: Экология және біз

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде кезекті TEDx конференция өтті. Спикерлер бұл жолы «Ашық ой: экология және біз» тақырыбында сөз өрбітіп, экологиялық проблемаларды тиімді шешу жолдарын талқылады.

Конференция қонағы танымал эколог Дамир Каримов оқушыларды волонтер ретінде түрлі эко-қозғалыстарға қатысуға шақырып, Қарағанды қаласында қайта өңдеумен айналысатын мекемелерге шолу жасады.

География мұғалімі Шұға Даурықбаева экология ғылымының тарихы жайлы баяндап, оның урбоэкология, әлеуметтік экология сияқты маңызды тарауларын таныстырды.

Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының экология министрі Диана Губайдуллина экологиялық ізді азайту бойынша кеңестерін ұсынды: пластик өнімдерді аз қолдану, полиэтилен пакеттерді матадан жасалған сөмкеге алмастыру және т.б.

Ал 8-сынып оқушысы Амирхан Сандыбаев тамақ қалдықтарын парник газының көптеп бөлетініне алаңдаушылық білдірді. Оның сыныптасы Камила Аширбекова жаһандық жылынудың алдын алу бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Зияткер Камила Галеева өзінің Алматы баурайында өткен жазғы демалысы жайлы әңгімелеп, табиғат аясында ұйымдастырылатын лагерьлер оқушыларды табиғатты аялауға, құрметтеуге үйрететінін атап өтті. 7-сынып оқушысы Арманжан Болтанов өз сөзінде «Бізді экологиялық проблемаларға әкелген не?» деген сұраққа жауап беруге тырысты.