Қарағандылық зияткерлер «Туған елге тағзым – 2021» байқауының жүлдегерлері атанды

Бүгін Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «Туған елге тағзым – 2021» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында ұсынылған жобалар мен шығармашылық жұмыстардың желілік байқауы мәресіне жетті. Қашықтан өткен байқауға биыл «Ұлы Дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Біздің күшіміз – бірлікте!» бағыттары және «Селт еткізер ерен ой» мен  «Туған жер – тұғырым» номинациялары бойынша 300-ден аса жоба мен шығармашылық жұмыс ұсынылды.

Дәстүрге айналған байқау жүлдегерлері қатарында Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары да бар.

11-сынып оқушысы Әлмубди Мутайханның «Ұлы Дала өркениеті» бағыты бойынша ұсынған «Қарағанды қаласындағы тарихи ғимараттардың мәні мен мағынасы» жобасы ІІІ орынға ие болды. Оқушы шетелдік азаматтарға Қарағандының тарихи және мәдени орындары жайлы ақпарат беретін ағылшын тіліндегі сайтты жасақтап шығарған. Жетекшісі – ағылшын тілі мұғалімі Айгерім Кульжабекова.

– Осы жобаны әзірлеу барысында Қарағанды жайлы бұрын білмеген тың ақпаратпен таныстым. Осы тұрғыда өз өлкеңді танып-білуге бағытталған «Туған елге тағзым» жобасының пайдасы зор екенін түсіндім, – дейді зияткер.

11-сынып оқушысы Санжар Шалғынбай мен 8-сынып оқушысы София Дасаева Сарыарқа аумағында жер қыртысын құрайтын тау жыныстарының жас мөлшерін, ұзақтығы және қалыптасу ретін зерттеген. Зерттеу қорытындысы бойынша электронды кітап-альбом дайындаған. Оқушылардың жобасы «Туған өлкем – жұмақ мекен!» бағытында ІІІ орын иеленді. Жетекшісі – мектеп директоры орынбасары, информатика мұғалімі Глеб Давлетгариев.

Тағы бір жүлделі орынға ие болған команда – 11-сынып оқушысы Әділ Шаяхметов пен 9-сынып оқушысы Алтынай Қуатбек. Оқушылар «Ұлт руханияты – бабалар аманаты» бағытында дайындаған «Бұқар жырау даналығындағы демократиялық өркениет және оның болашағы» зерттеу жұмысы мен деректі фильм ІІІ орынға лайық деп танылды.

«Туған жер – тұғырым» эссе бағытында қарағандылық зияткер Ақмарал Дайрабай үздік авторлар қатарынан табылды. 12-сынып оқушысының «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасы ІІ орынға ие болды. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айтжамал Есенжолова.

– Эссе жазу барысында бұрын-соңды білмеген мәліметтер жинақтап, белгілі композитор Ахат Байбосынов пен күйші-профессор Мұхаммеджан Тілеухан аталарыммен сұхбаттасу мен үшін үлкен мәртебе болды. Сонымен қатар зерттеу жұмысы барысында мені жігерлендіріп, жан-жақты қолдау көрсеткен жетекшіме алғысым шексіз, – дейді Ақмарал.

Қарағандылық ақындардың шығармашылығын зерттеген 10-сынып оқушысы Ақбота Еркінбектің де жобасы жоғары бағаланып, «Селт еткізер ерен ой» номинациясы бойынша ІІІ орын иеленді.

Сонымен қатар биыл «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында қарағандылық зияткерлер көптеген экологиялық жобалар әзірледі. Республикалық кезеңге өткен 10-сынып оқушысы Даниал Сагимбаевтың «Террикондарды қалпына келтіру» жобасы (жетекшісі – Гүлназ Жомартова) мен 9-10 сынып оқушылары Медина Айтбек, Жібек Ақан мен Меңдіғаз Зейнолла ұсынған «Туған өлкені қоқыстан сақтайық» командалық жұмыс (жетекшілері – Жананур Касимова, Айгуль Сулейменова) «Жасыл планета» бағытының арнайы номинациясы – «Жас эколог» дипломына ие болды.

Оқушылар мен жетекшілерді құттықтап, табыс тілейміз!