Қарағандылық NIS түлектері Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің грантына ие болды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Гүлсім Азирахмет пен Ұлан Күндізбай Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің толық грантын иеленді. Түлектер жоғары оқу орнында инженерия бойынша білім алатын болады.

Гүлсімдің таңдауы – әуе инженериясы. Болашақта ол әуе апаттарының алдын алуға көмектесетін жүйені жасақтап шығарсам дейді.

– Бакалавриатта алатын білім маған ұшақтың құрылымы мен автоматтандырылған жүйелерді жасау алгоритмін терең түсінуге көмектеседі деп ойлаймын. Абу-Дабидегі Нью-Йорк университеті әуе инженериясын жақсы оқытады және автоматтандыру саласы да жолға қойылған. Сондықтан университет механика мен инженерия бойынша жақсы білім алып, аэроғарыштық қауіпсіздікке үлесімді қосуға мүмкіндік береріне сенімдімін, – деп бөлісті Гүлсім.

Ұлан 7-сыныптан физиканы жақсы көреді. Университетте ол осы сала бойынша білімін тереңдетуді жоспарлап отыр.

– Мен инженер болғым келеді, бірақ саланы университетте оқып жүріп таңдамақпын. Инженерияның қоғам үшін маңызы зор, өйткені инновациялар мен өнертабыстар адамзатты алға жылжытып, өмірді жеңілдетеді, – дейді ол.

Нью-Йорк университетінің Абу-Дабидегі филиалы 2010 жылы ашылған. Жыл сайын университет әлемнің үздік студенттеріне грант ұсынып, оларға жан-жақты қолдау көрсетеді.