Қарағандылық NIS түлегі Лондондағы Facebook кеңсесінде тағылымдамадан өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі Темірлан Нурлигенов Facebook (Meta) компаниясының Лондондағы кеңсесінде тағылымдамадан өтті. 3 ай бойы Темірлан әлемдік  компанияның ішкі жұмысымен танысып, тәжірибе жинады.

– Тағылымдама кезінде мен команданың жұмысын жеңілдетуге бағытталған ішкі құралды әзірлеумен айналыстым. Бұл тәжірибе маған өзімді үлкен компания мүшесі сезінуге мүмкіндік беруімен қатар, осы салада дамуға талпыныс берді, – деп бөлісті Темірлан.

Темірлан қазіргі таңда Қазақстан-Британ техникалық университетінің 3-курс студенті. Оқумен қоса жұмысты да қатар алып жүрген жас жігіт Kaspi компаниясында әзірлеуші болып қызмет етуде. Темірланның мақсаты – оқуын аяқтап, ірі IT компанияда қызмет ету.

Сонымен қатар ол компьютер ғылымдарына қызығатын оқушыларға қазірден бастап IT маманға қажетті машықтарды дамытуға кеңес берді.

– Оқушыларға C++, Java, Python сияқты бағдарламалау тілдерінің негізін білу болашақта үлкен көмек болады. Деректер алгоритмі мен құрылымын оқып-үйрену арқылы түрлі тағылымдамалардан өтуге және бәсекеге қабілетті маман болуға мүмкіндік аласыз. Бұл мақсатта Leetcode және codeforces ресурстары пайдалы болады. Барлық мектеп оқушыларына кеңесім – қызықтырған саланы анықтап, сол бойынша бейінді пәндерге ерекше көңіл бөлу. Кәсіп нарығын бақылап таңдау жасаған жөн, – дейді ол.

Естеріңізге салсақ, Темірлан мектеп жылдарында математика бойынша көптеген халықаралық және республикалық олимпиадаларда жеңіс төрінен көрінген болатын.

– Сапалы және бірегей білім алған оқушы ретінде Қарағандыдағы NIS-ке үлкен алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, бұл оқу орны маған үздіксіз дамуды үйретіп, сол арқылы 19-20 жасымда Yandex, Kaspi және Meta сияқты компанияларда бағымды сынауға мүмкіндік берді. Бұл жерде оқушылар білім алып қана қоймай, еңбекқорлық пен табандылықты үйренеді. Мектеп әлі де менің екінші үйімдей, – дейді Темірлан.

Темірланға жаңа биіктерді бағындырып, кәсіпте табысқа жетуге тілектеспіз!