Қарағандылық NIS түлегі Гарвард медициналық мектебіне тәжірибеден өтуге шақырту алды

Жақында біздің түлегіміз Анель Жунусовадан қуанышты хабар келді – ол әлемдегі ең мықты медициналық оқу ордасы – Гарвард медициналық мектебіне жазғы тағылымдамаға шақырылды. Гарвардта Анель есте сақтау, Альцгеймер, клиникалық депрессия және аутизм спектрінің бұзылуын зерттемек.

Назарбаев Зияткерлік мектебін 2018 жылы аяқтаған Анель Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology-ға (UNIST) оқуға түскен болатын. Онда жас ғалым «биомедициналық инженерия» және «бизнес-әкімшілік» мамандықтары бойынша қос дипломдық бағдарлама бойынша білім алды.

Университетте Анель ғылыми және қоғамдық қызметке белсенді араласқанын айтады. Екі жыл бойы 50 түрлі ұлт өкілдерінен тұратын UNIST Халықаралық студенттер ұйымының президенті болды. Сонымен қатар Оңтүстік Кореядағы NIS Alumni филиалын құрып, оның нәтижесінде жергілікті жоғары оқу орындарына түсуге ниетті 600-ден астам оқушыға тегін тәлімгерлік жүргізуге және Оңтүстік Кореядағы қазақстандық студенттерді біріктіруге бағытталған түрлі іс-шараларды қаржыландыруға ат салысты.

Бұл тәжірибе оған Сингапур ұлттық университеті жанындағы аурухананың бір бөлігі саналатын Сингапур клиникалық зерттеулер институтында (Singapore Institute of Clinical Science) ақылы тағылымдамадан өтуге көмектесті. Анель академиялық демалыс алып, жарты жылға Сингапурға көшкен.

Сингапурдағы тағылымдама кезінде Анель танымал профессорлар мен дәрігерлер басшылығымен бірнеше жобаларда жұмыс істеді. Бұл оған бір уақытта әртүрлі зерттеу әдістерін зерттеуге және неврологиялық суреттерді өңдеуге көмектесетін негізгі талдау түрлерімен танысуға мүмкіндік берді.

– Неврология, бағдарламалау және молекулалық биологиядан алынған практикалық білім маған Гарвард медициналық мектебінде жазғы тағылымдамадан өтуге жеткілікті мүмкіндік берді. Бұл менің бұрыннан келе жатқан арманым, – деп атап өтті Анель. – Бірақ Гарвардқа түсу мүмкін еместей көрінетін, өйткені оның медициналық мектебі US News & World Reports Medical School Ranking рейтингісінде № 1 орында және өткен жылы 6914 талапкердің тек 2,9% -ы оқуға қабылданған.

Гарвардта Анель есте сақтау, Альцгеймер, клиникалық депрессия процестерін зерттеп, аутизмді зерттеуді жалғастырмақ.

– Мен Гарвардта тек практикалық дағдыларымды жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар миды зерттеудегі іргелі кітаптардың, нұсқаулықтардың және бағдарламалық жасақтама авторларымен иық тіресе жұмыс істей аламын деп сенемін, – дейді Анель, – Білім жолында маған қолдау көрсеткен әкем мен ағама, нақты ғылымдарды түсінудің негізін қалап, әртүрлі тілдерді жетік меңгеруге көмектескен мектеп мұғалімдеріне зор алғысымды білдіремін.

Біз Анель үшін шын қуаныштымыз және оған алда тек телегей табыс тілейміз!