Қарағандылық NIS оқушылары Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауының алтын медалін иеленді

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Ануар Дүйсенбеков пен Фархат Нұрланов Кореяда өткен VII Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауында бірінші орынға ие болды.

Халықаралық «Жас ғалым» ғылыми байқауы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді, осы уақыт аралығында оған Қазақстаннан 400-ден астам оқушы қатысты. Байқау ұйымдастырушылары – WOOSONG Университеті және SolBridge Халықаралық бизнес мектебі (Корея, Теджон қаласы).

Байқау осымен екінші жыл қашықтан ұйымдастырылды. Қатысушылардың зерттеу жұмыстарын АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Ресей және басқа да елдер университеттерінің оқытушы-профессорлық құрамы бағалады.

Байқауға Әнуар мен Фархат «Соққы сипаттамаларын анықтауға арналған балауыз және графит негізіндегі композиттік сенсор көмегімен баскетбол добын сынау» ғылыми жобасын ұсынды. Жоба ағылшын тілінде қорғалды.

– Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) стандарттарына сүйене отырып, баскетбол добының сапасы еркін түскен доптың секіріс биіктігі мен еденге соғылған кездегі допқа әсер ететін күш тұрғысынан талқыланды. Графиттің 15 %-дық шекті концентрациясы бар графит-балауыз композиті аз күшке де сезімтал сенсор екендігі дәлелденді, – дейді зияткерлер.

Қарағандылық оқушылардың зерттеу жұмысы қазылар алқасының жоғары бағаласына ие болып, І орынға лайық деп табылды. Ғылыми жетекшілері – физика мұғалімдері Саягүл Нұржігітова мен Стоян Рендевски.

Сонымен қатар жас ғалымдарға Woosong университетінде оқуға 75 % грант берілді.

Зияткерлер мен жетекшілерді құттықтап, табыс тілейміз!