Қарағандылық NIS оқушылары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне бағдарламалауды үйретпек

Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубының еріктілері мен педагогтар Қарағанды қаласының Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған балалар үйінде әлеуметтік жоба аясындағы жұмысын бастады.

Жақында 9-11 сынып оқушыларынан құралған клуб еріктілері информатика пәні мұғалімдері Айгерім Абдикашева, Людмила Устинова және клуб жетекшісі Гүлнара Сеитованың басшылығымен ұйымдастырушылық-ақпараттық кездесу өткізді. Мұғалімдер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  курс жоспары мен мазмұнын таныстырды, сонымен қатар сабақ кестесі, топтық жұмыс жайлы айтып, сұрақтарға жауап берді.

Жобаның бастамашысы және грант  иегері 12-сынып оқушысы Томирис Мадиева клуб еріктілерімен бірлесіп танысу және ұйымдасу тренингтерін өткізді. Балалар бір-бірімен жақын танысып, қызығушылықтары мен арман-мақсаттары жайлы ой бөлісті.  

Мамыражай кездесу қатысушылардың бірігіп, гитарамен ән салуымен аяқталды. Бұл қатысушылар арасында достық қарым-қатынас қалыптастырып қана қоймай, жоба аясында өтететін алдағы сабақтарға бірлесіп кірісуге ықпал етері сөзсіз.

Жоспар бойынша оқыту сабақтары алдағы сенбіде басталмақ. Осы аптада балалар үйінде Zhas project-2022 ұйымдастырушылары грант бойынша ұсынған қажетті компьютерлік жабдықтар орнатылатын болады.

– Осы жобаның арқасында еріктілер  Peer to Peer оқыту әдісі бойынша жұмыс істеп, әлеуметтік тәжірибе жинамақ. Белсенді өмірлік ұстанымы бар, қоғамға және өз еліне қызмет етуге ниеттенген тұлға ретінде дамитын болады, –  деп атап өтті клуб жетекшісі Гүлнар Сейітова.

Жобаны сәтті жүзеге асыруға тілектеспіз!