Қарағандылық NIS еріктілері «Мобильді қосымшаларды бағдарламалау» курсының алғашқы сабағын өткізді

«Мейірім көпірі» клубының еріктілері информатика мұғалімдері Людмила Устинова мен Ұлағат Әміреұлының және жоба үйлестірушісі Гүлнара Сеитованың басшылығымен балалар үйіне грант қаражатына алынған компьютерлік жабдықтарды орнатты. Сонымен қатар балалар үйінің бір топ тәриеленушісіне алғашқы оқыту сабағын өткізді.

Peer to Peer оқыту әдісін қолдана отырып, еріктілер балаларға «Мобильді құрылғыларға арналған бағдарламалар жасау негіздері» бөлімін, MIT App inventor-ды және пайдаланушы интерфейсі сипаттамасын таныстырды. Балалар жұппен жұмыс істей отырып, мобильді қосымшаны жасап, жүктеуді және орнатуды үйренді.

Сабақ арасындағы үзілісте курс қатысушылары Зияткерлік мектептің тарих пәні мұғалімі Тамара Юсупова дайындаған Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналған «Тұлғаны таны» танымдық викторинасынеа қатысты. Балалар Қазақстан тарихы бойынша білімін тексеріп, қазақ ағартушысы жайлы жаңа және қызықты мәліметке қанықты. Алғырлығымен көзге түскен балаларға тәтті сыйлықтар үлестірілді.

Еріктілер мен балалар үйі тәрбиеленушілерінің бірлескен практикалық жұмысы мен викторина қатысушыларға жақсы көңіл-күй сылап, алдағы сабақтарға ынталануға көмектесті.

Кездесуден еріктілер де мол тәжірибе жинап, жоба мақсатына жетуге жігер алды.