Қарағандыда «Заманауи мектепті басқару» компьютерлік оқыту симуляторы таныстырылды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында облыс мектептерінің басшыларына «Заманауи мектепті басқару» компьютерлік оқыту симуляторы таныстырылды. Мектеп басшыларының менеджерлік машықтарын дамытуға арналған жобаны NIS Педагогикалық шеберлік орталығы мен EDCrunch Academy-дің мәскеулік IT сарапшылары әзірлеген.

Педагогикалық шеберлік орталығы эксперті, тренер Сапура Жолдасбаеваның айтуынша, компьютерлік оқыту симуляторы толықтай қазақстандық мазмұнға ие:

– Симулятор қатысушыларға мектепті басқару бойынша шешімдер қабылдау, нәтижелерді талдау, алдағы жұмысты жоспарлауды үйретіп, тиімді басқаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Симулятордан алған тәжірибені басшылар өз мектебін дамытуда қолдана алады.

Таныстырылымға облыстағы 55 мектептің 170-тен аса педагогы қатысты. Әр команда виртуалды мектеп құрып, оны дамыту арқылы кәсіби машықтарын дамытуға мүмкіндік алды.

– Симулятор бағдарламасы болашақ мектептің жоспарын айқындауға көмектесіп, сол арқылы іс жүзінде қандай жұмыстар жүргізуге болатынын көрсетеді. Біз сияқты жас мамандарға мектеп басшысы ретінде шешім қабылдап, бағыт-бағдар беретін жоба екен, – деп бөлісті Шашубай кентіндегі МБК тірек мектебі (РО) тарих мұғалімі Берлібек Мағза.

Таныстырылымға облыс әдіскерлері де қатысты. Қарағанды облысындағы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әдбікерованың айтуынша оқыту симуляторы мектепті сауатты басқаруға үйретеді:

– Жоба мектеп дамуын жан-жақты қарастыруымен тиімді екенін байқадық. Мазмұнмен жұмыс істейтін болғандықтан, өзімді педагогтың кәсіби өсуі және әдістемелік қызмет бағыты көп қызықтырды.

Мектеп басшылары жұмысын ұйымдастыруға арналған жобаны дайындауға бір жылдай уақыт кеткен. Симуляторда 150 параметр мен 1580 шешім қарастырылған.