Абай оқулары өтті

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес» атауымен Абай оқулары өтті. Байқау ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Байқауға оқушы, ұстаз бен ата-анадан тұратын жеті топ қатысты. Ерекше форматта өткен байқауда қатысушылар Абай өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтарға жауап беріп, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Сонымен қатар ақын шығармалары, «Абай жолы» роман-эпопеясы мен «Құнанбай» фильмі негізінде қойылым сахналады.
Әділқазы алқасының шешімімен «Өнеге», «Мирас», «Қыран» топтары ІІІ дәрежелі дипломмен, «Тағылым» мен «Ғибрат» топтары ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, «Семсер» тобы І орыннан көрінді. Ал байқаудың бас жүлдесі «Руханият» тобына табысталды.
«Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу, сөзді мәйегіне жеткізу – адамның біліміне, сахнадағы тұрпатына, мінезіне байланысты. Үш кезеңде осының бәрін көрсете білдіңіздер. Абайды ұлықтайтын мұндай шаралардың бізге берері мол», – деді әділқазы мүшесі, Bolashaq академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Құрманғазы Сембиев.