Ақ жол, жас түлек!

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түлектерге аттестат табыстау салтанаты өтті. Карантиндік шараларға байланысты салтанатты рәсім бірнеше лекке бөлінді.

Биылғы оқу жылында Зияткерлік мектептен 130 түлек түлеп ұшты. Олардың ішінде 9 оқушы «Алтын белгіге», 12 шәкірт үздік аттестат иегері атанды.

Мектеп директоры Равиль Якупов түлектерге сәттілік тілеп, зияткерлер болашағына үлкен сенім білдірді:

– Біз сіздердің алдарыңыздан көптеген есікті ашуға тырыстық. Мықты, дені сау, ақылды, жасампаз және бірнеше тілді білетін тұлға болуларыңыз үшін барымызды салдық. Ол мақсатымызға жеттік деп үміттенемін. Алда әрқайсыңыз өз жолыңызды таңдайсыз. Бірақ мен сіздердің осы мектеп қабырғасында алған білім мен құндылықтарды ешқашан жоғалтпайтындарыңызға сенімдімін. Қай жүрсеңіз де, қандай биікті бағындырсаңыз да, Қарағандыда сіздерді сағынатын, жетістіктеріңізге шын қуанатын мектеп барын ұмытпаңыздар. Ақ жол!

Салтанатты жиынға қатысқан ұстаздар да оқушыларға ақжарма тілегін арнады. Ата-аналар қауымы мектеп ұжымына алғыс айтып, ризалығын білдірді. Түлектер жағы өнерін ортаға салып, ұстаздар қауымына ізгі тілегін арнады.

– Осы күнді көптен күткен едім. Десе де мектеппен қоштасып, енді оқушы болып, партаға отыра алмайтынымыз қимастық сезіміне бөлейді. Есейіп, азамат болғанымыз мектеп қызметкерлерінің, ата-аналарымыздың, кураторлар мен ұстаздардың жемісі. Мен осы жерде білім алғаныма қуанамын. Барлық түлек атынан мектебімізге алғыс айтқым келеді, – деп бөлісті жас түлек Ұлан Күндізбай.