Қарағандылық NIS-тегі ұстаздар күні

Мұғалімдер күні – күздің тамаша мерекесінің бірі! Бұл күні әр мұғалім жылы лебіз бен құттықтауға кенеледі. Бүгін қарағандылық NIS оқушылары да аяулы ұстаздарын мерекемен құттықтап, «Керісінше күн» өткізді.

11-12 сынып оқушылары мұғалім рөліне еніп, ұстаздар болса, партаға отырды. Жоғары сынып оқушылары мұғалімдердің орнына сабақ берді: оқушыларға жаңа тақырыптарды түсіндіріп, білімін тексерді. Ал ұстаздар қауымы түрлі пәндер бойынша ұйымдастырылған қызықты сабақтарға қатысты.

Мерекелік күн оқушылар мен педагог-кураторлар дайындаған концертке ұласты. Зияткерлер аяулы ұстаздарына ән мен би арнап, өнерімен тәнті етті.

Мектеп директоры Равиль Якупов мұғалімдерді кәсіби мерекемен құттықтап, құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті.