ТӘЖІРИБЕ ТАРАТУ

ТӘЖІРИБЕ ТАРАТУ

11 ақпан күні Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесін тарату мақсатында Зияткерлік мектептің тәрбие жұмысы бойынша директор орынбасары Ж.Ж.Биманова, педагог-ұйымдастырушы-кураторлар және пән мұғалімдерінен құралған шығармашылық топ қаламыздағы №77 жалпы білім беретін мектеп-балабақша кешенінде «Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбие жұмысын тәжірибеге енгізу» тақырыбында семинар өткізді. Семинар барысында Зияткерлік мектептердегі өткізілетін шаралар мен жобаларды жүргізудің әдіс-тәсілдері бойынша шеберлік сыныптары өткізіліп, практикалық жұмыстар жүргізілді.

Семинар мақсаты қатысушыларға Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүргізілетін жобалар мен әлеуметтік практикалар, мектепішілік дәстүрлі іс-шаралар, жалпы тәрбие жұмысы туралы ақпарат беріп, тәжірибемен бөлісу болып табылады. Семинардың алғашқы бөлігінде «Сынып жетекшілерінің кәсіби дамуы» мен «Ата-аналарды оқушылардың мектеп өміріне тарту жобалары» деген тақырыпта таныстырылым жасалып, келесі кезекте «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы мен мектептегі үйірме жұмыстарын ұйымдастыру бойынша ақпарат берілді. Ал семинардың екінші бөлігінде шығармашылық топтармен жеке жұмыстар жасалды. Атап айтсақ, әлеуметтік практикалар мен «Қоғамға қызмет», «100 күй» мен «100 ән», READx» пен «Reading time», «100 кітап» жобалары, «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу жобасы және «Википедия» клубтары бойынша шеберлік сағаттары мен түрлі тренингтер өткізілді.

Қатысушылар семинардан жаңа әдіс-тәсілдерге негізделген өздеріне қажетті ақпараттар мен кеңестер алды. Семинар соңында қорытынды ретінде қатысушылар өз тараптарынан сапалы ұйымдастырылған семинар үшін өз алғыстарын білдіріп, алдағы күндерге жаңа жетістіктер тіледі.